АҚШ шетелдіктерге студенттік виза беруді қайта қалпына келтіреді, бірақ әлеуметтік желіні тексеруді күшейтеді

АҚШ мемлекеттік департаменті шетелдіктерге студенттік виза беруді қайта қалпына келтіреді. Бірақ өтініш иелерінің әлеуметтік желі аккаунттары ашық болуы керек. Бұл жөнінде Associated Press агенттігі жазды.

Жабық аккаунт тексерістен жалтару немесе онлайн-белсенділікті жасыру талпынысы ретінде қарастырылмақ. Консулдардың ішкі нұсқаулықтарында олар “АҚШ-тың азаматтары, мәдениеті, үкіметі, институттары немесе негізгі принциптерін жек көру белгілері” бар кез келген жайтқа назар аударуы керек деп жазылған.

Мамыр айында Трамп әкімшілігі студенттік визаға жазылуды тоқтатып, өтініш иелерінің әлеуметтік желідегі аккаунттарын тексеруді күшейтуді бұйырған еді. Бұл университеттер мен наразылықты бақылау талпынысымен байланысты.

Әкімшілік оған дейін де әлеуметтік желіні тексеру бойынша белгілі бір талаптарды енгізген. Алайда ол көбіне Израильдің Газа секторындағы әрекетке қарсы наразылық шараларына қатысқан АҚШ-қа оралған студенттерге қатысты болған.

Бұл жаңалыққа қазақстандық кейбір шенеуніктер жылдам реакция білдірді. Мысалы, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек АҚШ-тан студенттік виза алғысы келетін қазақстандықтарға әлеуметтік желідегі аккаунттарын тазалауға кеңес берген.

“Барлық студенттерімізге аккаунттарды тазалап, сақ болуларыңызды ескерткім келеді. Бұл виза беретіндерге қатысты” деді бейсенбі күні Саясат Нұрбек сенат кулуарында. Оның сөзінен “Власть” үзінді келтіреді.

АҚШ-та қанша қазақстандық оқитыны жөнінде мәлімет жоқ. Бұған дейін ғылым және жоғары білім министрлігі АҚШ-тың танымал Гарвард университетінде "Болашақ" бағдарламасымен 7 қазақстандық оқып жатқанын айтқан.