Каспий құбыр консорциумы (КҚК) дрон соққысына байланысты Украинаға қарсы шағым түсіреді. КҚК-ның бас директоры Николай Горбан ақпан айындағы дрон соққысынан консорциуымға 2,7 млрд рубль (шамамен 34 млн доллар) көлемінде шығын келгенін мәлімдеді.
Оның сөзінше, консорциум халықаралық құқық субъектісі болмағандықтан тікелей халықаралық сотқа жүгіне алмайды. “Бірақ шағымды түсіруге мүмкіндік беретін процедура бар” деді ол 18 маусымда. Оның сөзінен "Интерфакс" үзінді келтіреді.
Ресейдің Краснодар өлкесіндегі “Кропоткинская” мұнай айдау станциясына ақпан айында дрон шабуылдаған. Нәтижесінде мұнай айдайтын жабдық бұзылған еді. Оны жөндеуге бірнеше ай кеткен. Украина шабуылды мойнына алып, "олар оккупациялық күштерге отын тасымалдауда шешуші рөл атқарды. Соққыдан кейін олар істен шықты. Бұл агрессорды отынмен қамтамасыз етуді едәуір қиындатты" деп мәлімдеген.
Қазақстан мұнайының басым бөлігі осы құбыр арқылы халықаралық нарыққа тасымалданады. Дрон шабуылдағаннан кейін консорциум Қазақстан мұнайын айдау 30 пайыз азаюы мүмкін екенін хабарлаған еді. Қазақстан сыртқы істер министрі мәселені украиналық әріптестерімен дипломатиялық арналар арқылы талқылайтынын айтқан.
КҚК акционерлерінің арасында Қазақстан да (“Қазмұнайгаз” - 19%, Kazakhstan Pipeline Ventures LLC – 1,75%) бар.
Бұған дейін қазақстандық бірқатар депутат Каспий құбыр консорциумына (КҚК) дронмен шабуыл жасағаны үшін Украинаны жауапкершілікке шақыру қажеттігін айтқан. Дегенмен депутаттардың кейбірі бұл үшін басқыншы елмен күресіп жатқан Украинаны кінәлауға болмайтынын жеткізген.