Accessibility links

АҚШ Израиль-Иран қақтығысына араласа ма?


Израильдің Хайфа қаласына жасалған шабуыл. 15 маусым 2025 жыл.
Израильдің Хайфа қаласына жасалған шабуыл. 15 маусым 2025 жыл.

Израиль мен Иран 19 маусым тағы да бір-біріне әуеден шабуыл жасады. Иранның ракетасы Израильдегі ауруханаға түскен. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон Иранға шабуылдай ма деген сауалға екіұшты жауап берді. Израиль мен Иран қақтығысындағы кейінгі жаңалықтарды ұсынамыз.

19 маусымда Израильдің Беэр-Шева қаласындағы аурухана Иранның ракета соққысынан бүлінді. Шабуылдан жараланғандар бары айтылды. Иран тарабы аурухана маңындағы әскери нысанға соққы жасалды дейді.

Ал Израиль әскерилері Иранның ядролық нысандарына, соның ішінде Эрак реакторын және Натанз уран байыту зауытына соққы жасадық деп мәлімдеді. Израиль шабуылдың алдында әлеуметтік желіде араб және парсы тілінде хабарлама жариялап, Эрак қалашығы (Тегераннан 250 км жерде орналасқан) мен оның маңындағы Хондаб елдімекеніндегі халықты эвакуация жасауға шақырды.

"Израильдің қорғаныс әскері Эрак пен Хондаб елдімекеніндегі тұрғындар, жұмысшылар, осы елдімекенде жүргендер тез арада эвакуация жасауы керек. Израильдің қорғаныс әскері осы жерлердегі Иран режиміне тиесілі әскери нысандарға соққы жасайды" деп жазылған ескертуде.

Иранның шабуылына ұшыраған Беэр-Шевадағы аурухана. 19 маусым 2025 жыл.
Иранның шабуылына ұшыраған Беэр-Шевадағы аурухана. 19 маусым 2025 жыл.

Осы шабуылдан соң Тегеран Халықаралық атом энергетикасы агенттігіне (IAEA) шағым түсіргенін мәлімдеді. Бұған қоса, Иран елдің солтүстік-шығысындағы Мешхед қаласында Израильдің шабуылы үшін дрондар орналастырған "жаудың 18 агенті" ұсталды дейді. Тегеран бұдан басқа ақпарат бермеді.

Израиль әскерінің өкілі Эфии Дефрин Х желісінде 13 маусымнан бері Иранға 1100 нысанға шабуыл жасалғанын жазды.

Израиль премьері Биньямин Нетаньяху 18 маусымда видеомәлімдеме жасап, Иранның ядролық және баллистикалық ракета нысандарын жою үшін "қадам-қадаммен қозғалып келе жатырмыз" деді.

Оның сөзінше, Израиль Ирандағы ядролық құрылғыларды, ракеталарды, командалық орталықтарды және режимнің символдарын шабуылдап жатыр.

Нетаньяху Трампқа алғыс айтып, оны "қақтығыс кезінде Израильдің жанында болатын жақын досымыз" деп атап, екеуі "жиі сөйлесетінін" айтты.

АҚШ ҚАҚТЫҒЫСҚА ҚОСЫЛА МА?

Америкалық The Wall Street Journal басылымы үш дереккөзіне сілтеп, Трамп АҚШ-тың Израильдің Иранға шабуылына қосылу жоспарын мақұлдағанын жазды. "Бірақ ол Тегеранның ядролық бағдарламасынан бас тартатынын күтпек" дейді дереккөздер.

Bloomberg агенттігі де жағдаймен таныс дереккөздеріне сілтеп, АҚШ-тың ресми өкілдері жақын күндері, бәлкім демалыста Иранға соққы жасауға дайындалып жатыр деп жазды.

Ал АҚШ президенті Дональд Трамп журналистерге "Қақтығысайын деп отырған жоқпын. Бірақ соғыс пен Иранның ядролық бағдарламасы арасында таңдау жасау қажет болса, онда таңдау анық" деді.

Бұдан соң ол "Бәлкім, соғысуға тура келеді" деп мәлімдеді.

"Жасауым мүмкін, жасамауым да мүмкін. Айтқым келгені, мен не жасайтынымды ешкім білмейді" деді Трамп Ақ үйде.

Израильдің Тель-Авив қаласы да жиі шабуылға ұшырап жатыр.
Израильдің Тель-Авив қаласы да жиі шабуылға ұшырап жатыр.

The New York Times газеті Иранның шенеунігіне сілтеме жасап, Тегеран АҚШ-пен қақтығысты тоқтату бойынша келіссөз жүргізуге ашық деп жазды. Ал жағдай ушығып бара жатқан тұста АҚШ-тың батыстағы одақтастары мәселені дипломатиялық жолмен шешуге тырысып жатыр.

20 маусымда Германия, Франция, Британия сыртқы істер министрлері Женевада Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчимен ядролық келіссөз жүргізуді жоспарлайды.

Израиль мен АҚШ "Иран ядролық қару жасап жатыр" дейді. Ал Тегеран мұны жоққа шығарып, уран өндірісі тек азаматтық мақсатта екенін айтады.

18 маусымда Трамп Иран режимін "толық берілуге шақырған" еді. Осыдан соң Иранның рухани көсемі Аятолла Әли Хаменеи телеарна арқылы мәлімдеме жасап, "Иран ешқашан берілмейді" деген.

Бұған қоса, Трамп 17 маусымда желідегі жазбасында 86 жастағы Хаменеи "оңай нысана, бірақ біз оны қазірше оны өлтірейін деп отырған жоқпыз" деп жазды. Бірақ ол "шыдамның да шегі бар екенін" айтып қалды.

Ал Израильдің қорғаныс министрі Исраэль КацХаменеиді "өлтіру – Иранмен соғыстың мақсатының бірі" деп мәлімдеді.

"Соғыстың мақсаты — ядролық қауіпті жою, түп-тамырын құрту және ракета қаупін алдын алу. Осы ретте ЦАХАЛ нұсқаулық алды және барлық мақсатқа жету үшін бұл адамның көзі жойылу керек" деді ол.

Кац Аятолла Хаменеиді Гитлермен теңеді. Израиль қорғаныс министрінің сөзін Times of Israel басылымы жариялады.

"Егер Холокост кезінде Израиль мемлекеті болғанды, ЦАХАЛ-ды бункерлерге жіберіп, Гитлерді қолға түсіріп, еврейлерлі құртуға жол бермес едік" деді Кац.

Ирандағы жағдай қиындаған тұсте Тегераннан жұрт жаппай кетіп жатыр. Ираннан Армения және Түркияға өткісі келетін адам көп.

ҚАҚТЫҒЫСТАН ҚАНША АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ?

Иран белсенділерінің АҚШ-та орналасқан Human Rights Activists News Agency ұйымының есебінше, Иранда шабуылдан 263 бейбіт тұрғын, 154 қорғаныс қызметкерлері және нақтыланбаған 224 адам қаза болды дейді.

Бұған қоса, 1300-ден аса адам жараланғаны айтылды. Ұйым бұл статистика ресми деректер мен жергілікті ақпараттар негізінде жасалды дейді.

Израильдың ресми дерегі бойынша, Иранның шабуылынан 24 адам қаза тапқан. Тель-Авивтің мәліметінше, 13 маусымнан бері Иран Израильге 400 ракетамен шабуылдаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG